Көкшетаудағы Ана үйінде «Мейірімді қолдар» қайырымдылық акциясы өтті

Опубликовано: 06.10.2018

Қазақстан  халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы сәндік-қолданбалы шеберлер одағы мүшелерінің және Аналар кеңесі бастаған топ Көкшетау қаласындағы Ана үйінде «Мейірімді қолдар» қайырымдылық акциясын өткізді, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Ақмола ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова сөз бастап, жас аналарға жігерлі болуға, тек алға қарап, жарқын болашаққа ұмтылуға кеңес берді. Сонымен қатар, арнайы алып келген сыйлықтарын тарту етіп, шынайы ықыласын білдірді. Оның ішінде ерекше көзге түскен қазақ халқының қолөнер бұйымы – төрге төселетін құрақ көрпе. Қолөнер бұйымы әйел затына тән шыдамдылық пен үнемшілдіктің, әсемдікке деген сүйіспеншіліктің символы ретінде Ана үйінің төріне төселді.

Сәндік-қолданбалы шеберлер одағының мүшелері жүректен шыққан тілектерін жаудырып, уақытша қиыншылыққа түскен аналарды қолөнермен айналысуға, өз-өзін дамытуда, қызығушылықтарын арттыруда бар күш-жігерін салуға шақырды. Шара барысында өңірлік сәндік-қолданбалы өнер шеберлері атынан жас аналардың  қолөнермен айналысуға алғашқы қадам ретінде тоқитын ілгек, тоқыма біз, иірілген жіп және Patchwork сыйға тартылды. Болашақта үйренем деуші аналарға әрқашан есіктері ашық екендігін және қолөнер түрін игеруде көмектерін аямайтынын жеткізіп, кішігірім сыйлықтарын тарту етті.

Атап өткен жөн, 2013 жылдан бері Көкшетау қаласында «Ана үйі» қоғамдық қорының дағдарыс орталығы сәтті жұмыс істеп келеді. Аталған жоба «BI-Group» холдингінің басшысы, белгілі кәсіпкер Айдын Рахымбаевтың бастамасымен қолға алынды. Жоба аясында қиын өмір жағдайына тап болып, айы-күні жеткен немесе шақалағы бар әйелдер үшін «Ана үйі» деген атауға ие болған дағдарыс орталықтары, оның тұтас желісі құрылды. Жобаның міндеті – баланы анасының жанында қалдыру.

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter

rss